Ғылым • Кеше

Ұлттық ғылым академиясында Польшадан келген ғылыми делегациямен кездесу өтті

50 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ғылым Ордасы» ғимаратында Президент жанындағы  Ұлттық ғылым академиясы (ҰҒА) мен Польша ғылым академиясының (ПҒА) делегациясы арасында маңызды кездесу өтті. Делегацияны ПҒА Президенті, профессор Марек Конаржевский бастап келді, деп жазады Egemen.kz ақпарат агенттігі. 

Ұлттық ғылым академиясында Польшадан келген ғылыми делегациямен кездесу өтті

Кездесу барысында екіжақты ғылыми ынтымақтастықтың жаңа көкжиектерін ашатын ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат кең ауқымды бағыттарды қамтиды: ғалымдар алмасу, бірлескен зерттеулер жүргізу, қысқа мерзімді сапарлар ұйымдастыру, бірлескен жарияланымдар шығару, зерттеу желілерін құру, инновациялық әзірлемелерді ілгерілету, сондай-ақ этнология мен тарих салаларындағы бірлескен бастамалар.

Ұлттық ғылым академиясының Президенті Ақылбек Ақылбек Күрішбаев өзінің құттықтау сөзінде 1946 жылы ұлы қазақ ғалымы Қаныш Сәтбаевтың бастамасымен құрылған Академия бүгінде еліміздің интеллектуалдық орталығы болып табылатынын атап өтті. 2024 жылғы желтоқсанда Академия Қазақстанның жоғары ғылыми ұйым мәртебесіне ие болып, ұлттық ғылым, технология және инновацияны дамыту жүйесіндегі маңызды рөлін тағы да айқындады.

«Академия миссиясы — ғылыми прогрестің флагманы болып, мемлекеттің стратегиялық басымдықтарын қалыптастыру және іске асыру, ғылым, білім мен өндірісті біріктіру арқылы Қазақстанның ғылыми-технологиялық егемендігін қамтамасыз ету», — деп атап өтті А.Күрішбаев. Сондай-ақ XXI ғасырда ғылым шекара танымайтынын, ал оның жетістігі ынтымақтастыққа, тәжірибе алмасуға және жаһандық сын-қатерлерге бірлескен шешімдер табуға қабілеттілікпен анықталатынын айтты.

Тараптар айқындаған негізгі ынтымақтастық бағыттарына мыналар кіреді: аграрлық сектордағы бірлескен зерттеулер мен жобалар, жасанды интеллект қолданылатын «ақылды» ауыл шаруашылығын дамыту, климаттың өзгеруімен күрес және гидротехникалық инфрақұрылымды дамыту, жаңа сорттар мен тұқымдарды селекциялау, жаңартылатын энергетика, минералдар өндіру, кванттық технологиялар, киберқауіпсіздік, сондай-ақ этнология, археология және тарих саласындағы зерттеу бастамалары.

Польша ғылым академиясы — 1952 жылы құрылған Польшадағы ең ірі ғылыми мекеме, ол 70-тен астам институт пен ғылыми орталықты біріктіреді. Академия ғылым мен халықаралық ынтымақтастықты дамытуда маңызды рөл атқарады, оның Президенті, профессор Марек Конаржевский — халықаралық ғылыми жобаларда үлкен тәжірибесі бар танымал ғалым.

Өз сөзінде профессор Конаржевский Польша тарапынан бірлескен зерттеу жобаларын, білім беру тағылымдамаларын және алмасу бағдарламаларын жүзеге асыруға дайын екенін, оның ішінде тұрақты даму, экология, инновациялық технологиялар және мәдени мұраны сақтау бағыттарын қамтитынын атап өтті.

Польша делегациясы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Ә.Марғұлан атындағы Археология институты, Қ.Сәтбаев атындағы Геологиялық ғылымдар институты, Ботаника және фитоинтродукция институты және Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік музейінің жұмысымен танысты.

ПҒА делегациясы құрамында: профессор Марек Конаржевский (ПАН Президенті), профессор Аркадиуш Новак (Повсиндегі Ботаникалық бақ директоры), профессор Ярослав Столарский (Палеобиология институтының директоры), профессор Анна Высоцкая (Геологиялық ғылымдар институты директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары), доктор Катажина Кошч-Рыжко (Археология және этнология институты), доктор Анна Платер-Зиберк (Халықаралық ынтымақтастық бюросының директоры), Польшаның Алматыдағы Елшілігінің Бас консулы Дариуш Шевчык мырза бар. 

Бұл кездесу Қазақстан мен Польша арасындағы ғылыми және мәдени ынтымақтастықты нығайтудың маңызды қадамы болып табылады, ол алдағы уақытта бірлескен жұмыс пен өзара жобаларды дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.Қол қойылған Келісім ғылыми қоғамдастыққа ғана емес, кең қоғамға да елеулі нәтижелер әкелетін екіжақты бастамалардың дамуына қуатты серпін береді.

АЛМАТЫ